Accessibility links

Астанада сот шешіміне наразы үлескерлер бас прокуратураға талап қойды


"Айсанам de luxe" тұрғын үй кешенінің үлескерлері Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Лукинге (оң жақта) талаптарын жеткізіп тұр. Астана, 20 қыркүйек 2017 жыл.
"Айсанам de luxe" тұрғын үй кешенінің үлескерлері Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Лукинге (оң жақта) талаптарын жеткізіп тұр. Астана, 20 қыркүйек 2017 жыл.

Астанада бүгін "Айсанам de luxe" тұрғын үй кешенінің отызға жуық үлескері жұмысын тоқтатқан "Азбука жилья" құрылыс компаниясының арест салынған активтерін "Орда инжинеринг" компаниясына беру туралы сот шешіміне қарсылық беруін талап етіп бас прокуратураға келді. Ондай шешімді мамыр айында Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы қабылдаған.

Үлескерлер белсендісі Мұрат Қасеновтің Азаттыққа айтуынша, үлескерлер даулы активтерді беру және басқару мәселесінде ашықтық болуын талап етеді, прокуратура тексеру нәтижесімен келесі айда таныстыруға уәде еткен. "Мемлекеттік органдардан ешкім бұл активтердің қаншасы, қандай сомаға сатылғаны және де, ең бастысы, ол ашқаның қалай жұмсалғанына бақылау жасап отырған жоқ", - дейді ол.

Наразыларға жолыққан Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин кездесуді басқа мерзімге ауыстыру туралы ұсыныс айтты.

2016 жылғы қарашада Астананың Алматы аудандық 2-соты қаладағы "Айсанам de luxe" және басқа тұрғын үй кешендерінің үлескерлерінен түскен қаржыны жымқырған деп айыпталған адамдарға үкім шығарған. Іс бойынша айыпталған он адам мүлкін аса үлкен мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін айыпты деп танылған. Сот тоғыз адамды үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге жалпы тәртіптегі колонияға қамауға үкім еткен. Бір адамға алты жыл шартты жаза тағайындалған. Сотталғандардың және "Азбука жилья" компаниялар тобының мүліктері келтірілген залалды орнына келтіру үшін зардап шеккендерге берілген, кейін тұрғын-үй құрылыс кооперативі құрылған.

Астанада "Азбука Жилья" компаниялар тобының бірнеше нысанына қаржы салған төрт мыңға тарта үлескер пәтерлерін белгіленген мерзімде ала алмаған. "Азбука Жилья" компаниялар тобының шетелде тұратын басшысы Ерқанат Тайжановқа үлескерлердің 40 миллиард теңгеден астам қаржысын заңсыз иеленген деген айып тағылған, оны қамауға алу туралы сырттай санкция берілген.

XS
SM
MD
LG