Accessibility links

Порошенко: Ресей халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіреді


Украина президенті Петр Порошенко БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеп тұр.
Украина президенті Петр Порошенко БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеп тұр.

БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Украина президенті Петр Порошенко Ресейді Донбастағы жанжалды шешуге бағытталған барлық күш-жігерді зая қылып, Украинаға бақылау орнатқысы келеді деп айыптады. Оның айтуынша, Ресей халықаралық қауіпсіздікке жәрдемдесудің орнына, ең үлкен қатер төндіріп отыр.

Украина жетекшісі Ресей Донбастағы сепаратистерге қару-жарақ беруді жалғастырып келе жатқаны туралы айтты. Украинаның шығысында үш жылға созылған соғыс 10 мыңға жуық адамның өмірін қиды деді Порошенко. Оның сөзінше, БҰҰ-ның толық көлемді бітімгерлік операциясы - жанжалды шешудің жалғыз жолы болмақ. "Донбасқа шетелдік әскери мен қару-жарақ келуін тоқтатпайынша онда бейбітшілік орнамайды", - деп мәлімдеді Порошенко.

Бұған қоса ол Кремльдің Халықаралық соттың шешімдерін құрметтемей, аннексиялап алған Қырым түбегінде қырым татарларына қысым көрсетуді жалғастырып, ол жаққа Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушыларын кіргізбей отырғаны туралы айтты. Порошенконың сөзінше, әлем елдері Қырымдағы ахуалды назарда ұстап, адам құқықтарының бұзылуына жол бермеуі тиіс.

Сонымен бірге Украина президенті Біріккен Ұлттар Ұйымын 20-ғасырда украин халқының басынан өткен аса үлкен аштық нәубеті - Голодоморды геноцид деп тануға шақырған.

Порошенко Украина президенті болып сайланғалы БҰҰ мінберінен осымен үшінші рет сөйледі. Ол бұл жолғы АҚШ-қа үш күндік сапары барысында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бітімгершілік мәселесі бойынша отырысында сөз сөйлемекші. Қыркүйектің 21-і күні Порошенко АҚШ президенті Дональд Трамппен еіжақты келіссөздер өткізеді деп жоспарланған.

Бұған дейін Порошенко АҚШ-қа сапары барысында кепілде отырған украиналықтар мен саяси тұтқындарды босату мәселесін көтеретіні туралы мәлімдеген. Сондай-ақ Порошенконың БҰҰ Бас Ассамблеясына Донбаста БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясын орналастыру туралы бастама ұсынатыны туралы ақпарат тараған. Киев БҰҰ бітімгерлерін ресейшіл сепаратистердің өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" мен "Луганск халық республикасы" бақылауындағы барша аудандарға орналастыруды ұсынады. Сонымен бірге Киев Донбастағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына Ресейдің қатысуына қарсы.

XS
SM
MD
LG