Accessibility links

Экс-премьер Серік Ахметов түрмеден шығады


Серік Ахметовтің премьер-министр кезіндегі суреті.
Серік Ахметовтің премьер-министр кезіндегі суреті.

Коррупциялық айып бойынша сотталып, түрмеде отырған Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтің жазасының қалған бөлігін бас бостандығын шектеу жазасына алмастыру туралы Қарағанды облысы Абай аудандық соты шығарған қаулыға байланысты шағым я прокуратура қарсылығы түспегендіктен ол заңды күшіне енді деп хабарлады бүгін Қазақпарат агенттігі.

Маусымда сот Серік Ахметов пен оның ісі бойынша сотталған өзге бұрынғы шенеуніктерден мемлекет пайдасы бірнеше миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған.

Сот қаулысы Қарағанды облысы Абай ауданы Қарабас кентіндегі АК 159/18 колониясына жеткізілген соң онда қамауда отырған Серік Ахметов бостандыққа шығуы тиіс.

Бұған дейін "Серік Ахметовтің ісі" бойынша сотталған бірнеше адам бұған дейін мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шыққан немесе рақымшылық заңы бойынша олардың жаза мерзімі қысқартылған. Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин, "Металлургия-металлообработка" компаниясының бұрынғы директоры Анатолий Эссе, осы компания директорының бұрынғы орынбасары Оразалы Айменбетов бостандыққа шыққан.

2015 жылғы желтоқсанда Қарағанды облыстық соты Серік Ахметовті "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "өкілетін асыра қолданды" деп айыптап, 10 жылға соттаған. Оның дүние-мүлкі тәркіленіп, 5 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынған. 2016 жылғы наурызда апелляциялық инстанция Ахметовтің жаза мерзімін 10 жылдан 8 жылға түсірген. Кейін оның жазасының өтелмеген мерзімінің төрттен бірі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша азайтылған.

Серік Ахметов сот барысында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG