Accessibility links

Қырғызстан ОСК мүшелері құқықтары бұзылғаны туралы мәлімдеді


Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының мүшелері Атыр Абдрахматова, Назарали Арипов, Гүлнара Журабаева және Елена Жылкычиева баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Бішкек, 20 қыркүйек 2017 жыл.
Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының мүшелері Атыр Абдрахматова, Назарали Арипов, Гүлнара Журабаева және Елена Жылкычиева баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Бішкек, 20 қыркүйек 2017 жыл.

Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрт мүшесі өз құқықтарының бұзылғаны туралы мәлімдеді. Комиссия мүшелері Атыр Абдрахматова, Назарали Арипов, Гүлнара Журабаева мен Елена Жылкычиева парламентке жолдаған үндеуде комиссияда мәселелерді талқылау кезінде пікірлері ескерілмейтіні туралы айтқан. Бұл туралы олар сәрсенбіде Бішкекте баспасөз мәслихатында хабарлады.

Атыр Абдрахматова таза сайлау өткізуге жағдай жасалмай отыр деп мәлімдеді.

- Комиссия отырысы өтетіні туралы 15 минут қалғанда ғана хабарлайды, оның күн тәрібі белгісіз. Заң бойынша біз жиынға дайын болуымыз үшін оған қатысты материалдарды ертерек алуға тиіспіз. Ақпараттың жоқтығынан, заңды абайламай бұзып алмас үшін кейде "қарсы" дауыс беруге тура келеді. Менің ұсыныстарым дауысқа қойылмайды. Заң бойынша, орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің құқығы тең. Біз тек сайлау процесін ұйымдастыруға міндеттіміз. Ал бізге ұйымдастыру үшін де, жұмыс істеу үшін де жағдай жасалмаған. Керісінше, бөгет қойылып, тіпті бізді қаралайды, - деп Абдрахматованың айтқаны туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлайды.

Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясында 12 мүше бар. Кей мүшелерінің келмей қалуына байланысты 20 қыркүйекте комиссия отырысы өтпей қалды.

Азаттыққа комментарий берген Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының жетекшісі Нұржан Шайлдабекова комиссияның жұмысына жекелеген мүшелері "әдейі кедергі жасайтыны" туралы мәлімдеді. Шайлдабекова оларды Қырғызстан президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановтың мүддесін жақтайтындар деп атады.

"Үгіт жүргізу тәртібін бұзу туралы, соның ішінде Бабановқа да қатысы бар және өзге де мәселелер қаралуы тиіс болатын. Менің ойымша, олар осы мәселелерді [орталық комиссияның] қарамауы үшін отырысқа әдейі кедергі келтіріп отыр", - дейді ол.

Қырғызстанда қазанның 15-іне тағайындалған президент сайлауына кандидат ретінде 13 адам тіркелген.

XS
SM
MD
LG