Accessibility links

Ақтөбеде 9 өзбекстандық мерт болған көлік апаты жайлы үкім күшіне енді


Ақтөбе облысында тоғыз кісі қазаға ұшырап, жиырмаға жуық адам зардап шеккен жол-көлік оқиғасына байланысты қозғалған іс бойынша Жамбыл облысының тұрғынына түрме жазасын тағайындау туралы сот үкімі күшіне енді.

22 маусымда Әйтеке би ауданындағы Қарабұтақ ауылы маңындағы Самара-Шымкент тасжолының 946-шақырымында Ресейден келе жатқан жолаушылар автобусы аударылған. Автобуста 50 Өзбекстан азаматы және екі қазақстандық болған. Апат салдарынан Өзбекстанның тоғыз азаматы қаза тауып, 18 адам жарақат алған. Зардап шеккендер арасында бір қазақстандық бар.

Ақтөбе облыстық сотының бүгін таратқан ақпаратында, сот апатқа ұшыраған автобустың жүргізушісі 46 жастағы Қазақстан азаматы Леонид Еремеевті жол қозғалысы ережесі мен көлік құралдарын пайдалану тәртібін бұзуы салдарынан абайсызда екі және одан көп адамның қазасына ұласқан оқиғаға айыпты деп танығаны айтылған.

Тергеу болжамы бойынша, "қажыған күйде" көлік жүргізіп келе жатқан Еремеев қалғып кеткенде автобус жолдан шығып барып аударылған. Сот үкімімен Леонид Еремеев бес жылға бас бостандығынан және жеті жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған.

Әйтеке би аудандық сотының Еремеевтің ісі бойынша 4 қыркүйекте шығарған үкімі осы аптаның басында күшіне енді деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

XS
SM
MD
LG