Accessibility links

Корейлерді Қазақстанға жер аударудың 80 жылдығына орай кітап шықты


"Қазақстан корейлерінің энциклопедиясының" мұқабасы. Алматы, 21 қыркүйек 2017 жыл.
"Қазақстан корейлерінің энциклопедиясының" мұқабасы. Алматы, 21 қыркүйек 2017 жыл.

Алматыда "Қазақстан корейлерінің энциклопедиясы"("Энциклопедия корейцев Казахстана") кітабының тұсаукесері өтті. 767 беттен тұратын, иллюстрацияға бай орыс тіліндегі жаңа кітап корейлердің Қазақстанға қоныстануының (корей диаспорасының белсенділері "депортация" сөзін қолданбауға тырысады) 80 жылдығына орай жарық көрген.

Кітапта Қазақстандағы танымал корей диаспорасы өкілдерінің өмірбаяны мен суреттері, корейлер мәдениеті, тарихы жайлы көптеген материал бар. Сонымен бірге кітапқа Абай, Мұхтар Әуезов сынды корейлерден өзге ұлттардың белгілі тұлғалары туралы деректер енген. Мысалы, корей тіліне аударылған Абай шығармалары Оңтүстік Кореяда басылып шыққаны, ал Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" кітабының жаңа тәржімасын ресейлік корей жазушысы Анатолий Ким жасағаны жазылған.

Кітаптың бірінші бетінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі-түсті суреті мен оның Қазақстан корейлеріне қазақ жеріне келіп қоныстануының 80 жылдығына байланысты үндеуі басылған. Сонымен бірге кіріспеде Назарбаевтың төрт беттік өмірбаяны да берілген.

Мың дана тиражбен жарық көрген кітап идеясының авторы және "Қазақстан корейлерінің энциклопедиясы" жобасының жетекшісі – Қазақстан корейлері қауымдастығы жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Иван Пак. 1930 жылы дүниеге келген Иван Пак совет билігінің пәрменімен корейлерді Қиыр Шығыстан Қазақстанға депортациялаудың көзі тірі куәгері.

Оңтүстік Кореяның Алматыдағы бас консулы Джон Сын Мин жаңа кітаптың тұсаукесерінде қазақстандық корей ардагеріне сый-құрмет көрсетіп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2017 жыл.
Оңтүстік Кореяның Алматыдағы бас консулы Джон Сын Мин жаңа кітаптың тұсаукесерінде қазақстандық корей ардагеріне сый-құрмет көрсетіп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2017 жыл.

Алматыдағы Достық үйінде өткен жаңа кітаптың тұсаукесеріне корей диаспорасының өкілдері, түрлі ұлттық-мәдени орталықтардың белсенділері, Оңтүстік Кореяның Алматыдағы бас консулы Джон Сын Мин қатысты. Қазақстандық корей ардагерлеріне алғыс хат, жаңа кітаптың бір-бір данасы және Оңтүстік Корея консулдығының сияпаты табыс етілді.

Өткен ғасырдың 30-жылдары совет өкіметі Қиыр Шығыс аймағын мекендеген корейлерге Жапониямен ықтимал соғыста "жау жағына шығып кетеді" деп сенімсіздік танытқан. 1937 жылғы 21 тамызда СССР диктаторы Сталин мен совет үкіметінің жетекшісі Молотов қол қойған құпия қаулыға сәйкес, Қиыр Шығыстағы шекаралық аймақта тұрып жатқан корейлерді Қазақ ССР-і мен Өзбек ССР-і аумағына күштеп көшірген (депортациялаған). Қазір Қазақстанда корей диаспорасының 107 мыңға жуық өкілі тұрады.

XS
SM
MD
LG