Accessibility links

ОҚО: "Деструктивті топтың" үш мүшесі қамалды


Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты. 22 қыркүйек 2017 жыл.
Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты. 22 қыркүйек 2017 жыл.

"Шымкентте "деструктивті діни ағым мүшелерінен құралған қылмыстық топ" құрамында болды делінген күдікті үш адам 19 қарашаға дейін қамалды" деп хабарлады Азаттыққа Шымкенттің әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ғани Байарыстан.

Судьяның айтуынша, күдікті Бақытжан Ізтілеуов - 19 қыркүйекте Шымкентте, Алпамыс Жүсіпбеков - Сарыағаш қаласында, Таңат Борашев Жетісай қаласында ұсталған.

Жүсіпбеков пен Борашев қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру") бойынша күдікті деп танылған. Ал Ізтілеуов 174-баптың 1 және 2-бөлігі ("Алдын ала сөз байласу арқылы діни алауыздықты қоздыру"), 256-баптың 1-бөлімі ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") бойынша күдікті деп танылған.

Істі Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) тергеу басқармасы қарап жатыр.

Күдіктілер соттың өздерін қамауға алу туралы санкциясына үш күн ішінде шағымдануға хақылы.

Бұған дейін облыстық ІІД 19 қыркүйекте Шымкенттегі "Гарант" дүкендері аумағында ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті қызметкерлерімен бірлесе отырып, "деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардан құралған қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы іс-шара өткізгенін" хабарлаған.

Тергеу нұсқалары бойынша бұл топ мүшелері ұрланған телефондарды алып сатумен айналысқан. Олар мобильді құрылғылардың идентификациялық кодын өзгертіп, оған экстремистік сипаттағы ақпараттарды жазып сатқан.

XS
SM
MD
LG