Accessibility links

Башқұртстан басшысының қызметтен кетуін талап еткен екі белсенді қамалды


Башқұрт белсендісі, әртіс Әмір Тойгынов (ортада) наразылық шеруінде сөйлеп тұр. Уфа, 21 қыркүйек 2017 жыл.
Башқұрт белсендісі, әртіс Әмір Тойгынов (ортада) наразылық шеруінде сөйлеп тұр. Уфа, 21 қыркүйек 2017 жыл.

Уфа қаласының соты Ресей құрамындағы Башқұртстан республикасының басшысы Рустем Хамитовтың отставкаға кетуін талап еткен наразылық шеруіне қатысқан екі белсендіні қамауға алу туралы шешім шығарған. Бұл туралы Азаттықтың "Idel.Реалии" сайты хабарлайды.

Сот шешімімен белсенді әрі наразылық шеруін жүргізген әртіс Әмір Тойгынов бес тәулікке, заңгер Камил Мухамедиянов – жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Тойгынов пен Мухамедиянов полиция оларды ұстаған кезде "күш қолданғанын" айтқан.

Башқұртстан басшысының қызметтен кетуін талап еткен наразылық шеруі 21 қыркүйекте өткен. Соның алдында билік орындары ұйымдастырушыларға олар жиын өткізбекші болған алаңда басқа шара жоспарланғанын алға тартып, наразылық акциясын өткізуге рұқсат берілмегені туралы ескерткен. Алайда ұйымдастырушылар биліктің шешімімен келіспей, акцияны өткізуді ұйғарған.

Бейсенбідегі шеруге бірнеше жүз адам жиналған. Әуелде полиция шараға қатысушылардан плакаттар мен дыбыс күшейткіш аппаратураны жинап алып кетуін талап еткен, бірақ шараға қатысушылар ол бұйрыққа бағынудан бас тартқан. Наразылық акциясынан кейін полиция сегіз адамды ұстап, рұқсат етілмеген көпшілік шараға қатысқаны туралы әкімшілік хаттама толтырған. Полиция ұсталғандардың кейбірінің саусақ таңбаларын түсіріп алғысы келгенімен, белсенділер оған қарсы болған. Хаттама толтырылғаннан кейін полиция алты адамды босатып, Тойгынов пен Мухамедияновты алып қалған.

XS
SM
MD
LG