Accessibility links

БАҚ: АҚШ СНВ-3 келісімінің маңыздылығын мойындайды


Ресей президенті Дмитрий Медведев (сол жақта), Чехия президенті Вацлав Клаус (ортада) және АҚШ президенті Барак Обама СНВ-3 келісіміне қол қойғаннан кейін. Прага, 8 сәуір 2010 жыл.
Ресей президенті Дмитрий Медведев (сол жақта), Чехия президенті Вацлав Клаус (ортада) және АҚШ президенті Барак Обама СНВ-3 келісіміне қол қойғаннан кейін. Прага, 8 сәуір 2010 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі АҚШ пен Ресей арасында жасалған стратегиялық шабуыл қаруларын одан ары қысқарту туралы келісімнің (СНВ-3) маңыздылығын мойындайды деп хабарлады америкалық әкімшіліктің аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды қызметкеріне сілтеме жасаған Reuters агенттігі.

Бұдан СНВ-3 келісімі құжат мерзімі аяқталатын 2021 жылға дейін жалғасып қана қоймай, ары қарай тағы бес жылға ұзартылуы мүмкін деген болжам жасауға негіз бар деп жазады агенттік. Бұған дейін, Reuters мәліметі бойынша, Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен алғашқы телефон әңгімесінде СНВ-3 талаптары "Ресей үшін тиімдірек" екенін айтып, келісімді сөккені себепті, қазіргі мәлімдеме тосын жаңалыққа айналып отыр. Ақ үйдің тағы бір жоғары шенді өкілінің сөзінше, Трамп әкімшілігінің аталған келісімнің күшін мерзімінен бұрын тоқтату ниеті жоқ.

Бұған дейін АҚШ басшылығы, соның ішінде қорғаныс министрі Джим Мэттис те, Мәскеудің келісім бойынша алған міндеттемелерін орындауға бейілдігіне күмән келтіріп, "Ресей АҚШ пен СССР арасында жасалған орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімді бұзды" деген болатын.

2010 жылы сәуірде АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей презиенті Дмитрий Медведев қол қойған стратегиялық шабуыл қаруларын одан ары қысқарту туралы келісім (СНВ-3) бойынша екі тараптың әрқайсысы ядролық оқтұмсықтарын 1550-ге дейін, құрлықаралық баллистикалық зымырандар мен ауыр бомбалаушы ұшақтарының санын қысқартуы тиіс болатын.

XS
SM
MD
LG