Accessibility links

АҚШ Оңтүстік Кореяға стратегиялық мақсаттағы әскерін орналастырады


 АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Ин. Ақ үй, 30 маусым 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Ин. Ақ үй, 30 маусым 2017 жыл.

АҚШ Оңтүстік Корея территориясына стратегиялық мақсаттағы қарулы күшін орналастырмақ. Нью-Йорктегі кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Ин осындай келісімге келген. Бұл туралы ақпарат Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.

Кездесуде екі елдің басшылары Солтүстік Кореяның ядролық сынақтарына қатысты мәселені талқылап, Пхеньянды ядролық қарудан бас тарту шараларын қабылдауға көндіру үшін қысым жасауды күшейтуге келіскен.

Вашингтон стратегиялық мақсаттағы әскерін Корей түбегі мен оның айналасына орналастырмақ. Ондағы америкалық қарулы күштер құрамы ауысып отыратын болады. Бұған қоса, АҚШ Оңтүстік Корея армиясына әскери техника жағынан көмектеседі.

Екі елдің басшылары Корей түбегіндегі жағдайды реттеу бойынша кеңесулерді АҚШ президенті қарашада Сеулге сапармен барғанда жалғастырады деп хабарланды.

21 қыркүйекте Трамп АҚШ-тың Солтүстік Кореяға санкцияларын кеңейтуіне мүмкіндік беретін бұйрыққа қол қойған. Ол санкциялар тоқыма өндірісі, балық аулау, ақпараттық технологиялар мен өңдеу өнеркәсібі салаларын қамтиды.

Пхеньян 3 қыркүйекте алтыншы рет ядролық сынағын өткізгеннен кейін АҚШ пен Солтүстік Кореяның арасы шиеленісіп кеткен еді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі ядролық сынақ өткізгені үшін Солтүстік Кореяға қарсы қосымша қатаң санкциялар енгізген.

XS
SM
MD
LG