Accessibility links

Навальный Владивостокта жақтастарымен кездесті


Алексей Навальный (сол жақта) жақтастарымен кездесуге қатысып тұр. Новосибирск, 22 қыркүйек 2017 жыл.
Алексей Навальный (сол жақта) жақтастарымен кездесуге қатысып тұр. Новосибирск, 22 қыркүйек 2017 жыл.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Владивосток қаласында жақтастарымен кездесті. Жергілікті билік өткізуге келісім берген қала орталығындағы жиынға бірнеше жүз адам қатысты деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Навальныйдың сайлауалды штабының басшысы Леонид Волков жариялаған Владивосток қалалық әкімшілігінің белгісі бар құжатта "кәмелетке жасы толмағандарды рұқсат етілмеген көпшілік шараларға тарту мәселесіне байланысты алаңдатарлық ахуал қалыптасқаны" туралы айтылған. Құжат авторлары білім мекемелерін оқушылар және ата-аналарымен "түсіндіру жұмыстарын өткізуге" шақырған. Бұған дейін Владивостоктағы университеттердің бірінің студенттеріне Навальныйдың митингісіне "қатысудың қажеті жоқ" деп ескерткен.

Алексей Навальный Ресейде 2018 жылы өтетін президент сайлауына қатысу ниеті барын мәлімдеген. Оппозициялық саясаткер қазір үгіт мақсатымен Ресей қалаларын аралап жүр. Ол бұған дейін Екатеринбург, Мурманск, Омбы және Новосибирск қалаларында тұрғындармен кездесу өткізген. Ол жиындарға мыңдаған адам қатысқан.

Бұған дейін Еуропа Кеңесінің министрлер комитеті Ресей билігін Алексей Навальныйға 2018 жылғы президент сайлауына қатысуына мүмкіндік беруге шақырған.

Ақпан айында Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты Ресей сотының "Кировлес ісі" бойынша Алексей Навальныйға 2013 жылы шығарған бес жыл шартты жаза беру туралы үкімін әділетсіз деп танып, ресейлік билік орындары оның күшін жоюы тиіс деген ұйғарым шығарған. Істі қайта қараған Ресейдің Киров қаласының соты Навальный мен Петр Офицеровті "қаржы жымқырғаны" үшін бірнеше жылға бас бостандығынан шартты түрде айырып, оларды қылмыстық істе көрсетілген шығынның орнын толтыруға міндеттеген.

Ресей үкіметі Еуропа Кеңесі министрлер комитетінің айыптауын жоққа шығарып, оны келер жылғы сайлау алдында Ресей билігіне жасалған "саяси қысым" деп бағалаған.

Ресей заңына сәйкес, Навальный сот жазасын әлі өтеп бітпегендіктен 2018 жылғы президент сайлауына кандидат болып тіркеле алмайды.

XS
SM
MD
LG