Accessibility links

Донецкіде сепаратистер жетекшісіне қастандық жасалды


Александр Тимофеев бейнеленген плакат. Донецк, 18 қаңтар, 2017 жыл.
Александр Тимофеев бейнеленген плакат. Донецк, 18 қаңтар, 2017 жыл.

Украинаның өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасының" ("ДХР") билігі "кіріс және алым министрі" Александр Тимофеевке қастандық жасалғаны туралы хабарлады. Ресейлік баспасөз құралдарының хабарлауынша, Донецкіде оның автокөлігі жарылып, салдарынан сегіз адам жараланған.

"ДХР" құқық органдарындағы дерек көзінің ресейлік "Новости" агенттігіне хабарлауынша, Тимофеевтің жағдайы өте ауыр. Ал "кіріс және алым министрлігі" оның "аман-есен" екенін айтады. "Интерфакс" агенттігінің дерегі бойынша, Донецк қаласының орталығында екі жарылыс болған, оқиға орнын қоршауға алған.

"Донбасс.Реалии" порталының мәліметі бойынша, Александр Тимофеев Украинаның шығысындағы соғысқа қатысқан, көмір сатумен айналысқан. 2016 жылы Мәскеу қаласының түбінде украиналық ресейшіл "Оплот" қозғалысының жетекшісі Евгений Жилинді атып өлтірген еді. Бұл қылмысқа қатысты болжамдардың бірі бойынша, Жилин Донбасс көмірін Ресей мен Украинаға сатудан түскен ақша үшін бәсекелестіктің құрбаны болуы ықтимал.

Ақпан айында Донецк облысында ресейшіл сепаратистердің дала командирі, "Гиви" деген лақап атпен танымал Михаил Толстых жарылыс салдарынан қаза тапқан. 2016 жылғы қазанда "ДХР" жетекшілерінің бірі Арсен Павловты (лақап аты - "Моторола") да жарылғыш заттың көмегімен өлтірген.

XS
SM
MD
LG