Қырғызстанның Шу облысындағы Токмок қаласында "Қырғызстан президенті сайлауына әзірлік және оны өткізу жұмыстары кезінде теракт жасап, елдегі қоғамдық-саяси жағдайды ушықтырмақ болған" деген күдікпен үш кісі – екі ер және бір әйел адам ұсталған. Бұл туралы Қырғызстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл ақпарат 21 қыркүйекте Токмокта бірнеше тұрғынның үйіне тінту жүргізілгеннен кейін таратылған. Ресми мәлімет бойынша, тінту барысында экстремистік мазмұндағы әдебиет, РГД-5 әскери гранатасы, шолақ мылтық пен оқтар табылған.
Құқық органдары қылмыстық кодекстің "ұлттық, діни немесе аймақаралық араздықты қоздыру" және "атыс қаруын, оқ-дәріні, жарылатын заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" баптары бойынша іс қозғаған.
Ұсталғандардың арасында бұрын адам өлтіргені үшін сотталған 30 жастағы К.С., Токмок қаласында тұратын 32 жастағы Б.З. және 40 жастағы И.Б. бар деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.