Accessibility links

Германияда бундестаг сайлауы өтіп жатыр


Бундестаг сайлауына дауыс беріп жатқан сайлаушы. Берлин, 24 қыркүйек 2017 жыл.
Бундестаг сайлауына дауыс беріп жатқан сайлаушы. Берлин, 24 қыркүйек 2017 жыл.

Германияда бүгін бір палатадан тұратын ел парламенті – бундестаг сайлауы өтіп жатыр. Германия азаматтары бундестаг депутаттарын төте дауыс беру жолымен төрт жыл мерзімге сайлайды.

Қырықтан аса партия қатысып отырған бұл сайлауда негізгі бәсеке қазіргі канцлер Ангела Меркельдің христиан-демократиялық партиясы мен онымен "Үлкен коалиция" бойынша әріптес болып келген Германия социал-демократиялық партиясы арасында өтіп жатыр. Сонымен бірге осы жолғы сайлауда "Германия үшін балама" оңшыл радикалдар партиясы алғаш рет парламентке өтуі мүмкін деген болжам бар.

Парламентте көпшілік орынға ие болған саяси күш жаңа үкімет пен оны басқаратын канцлерді сайлайды. Егер бұл жолғы сайлауда христиан-демократиялық партиясы жеңіске жетсе, онда партия лидері Меркель қатарынан төртінші мерзімге канцлер болып бекітілуі мүмкін. Ангела Меркель Германия үкіметін 2005 жылдан бері басқарып келеді.

Кей болжамдар бойынша, бұл жолғы сайлау нәтижесінде, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бергі мерзімде бундестагқа алғаш рет алты партия өтуі ықтимал.

Жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8-де ашылған сайлау учаскелерінде дауыс беру сағат 18-ге дейін жалғасады. Дауыс беру аяқталғаннан кейін экзит-пол нәтижелері жарияланбақ.

XS
SM
MD
LG