Accessibility links

Хадижа Исмаил биліктен шетелге шығуына рұқсат сұрады


Әзербайжандық журналист Хадижа Исмаил. Баку, 19 маусым 2017 жыл.
Әзербайжандық журналист Хадижа Исмаил. Баку, 19 маусым 2017 жыл.

Әзербайжандық журналист Хадижа Исмаил халықаралық шараға қатысу үшін уақытша шетелге шығуына рұқсат беруін сұрап, сотқа өтініш тапсырды. Журналист өзіне қатысты шектеу күшін жойған күннің өзінде Әзербайжаннан біржола кету ниеті жоқ екені туралы мәлімдеген. "Кавказский узел" сайтының хабарлауынша, Әзербайжан жоғарғы соты 2016 жылғы 8 желтоқсандағы шешімімен, шартты жазасын өтеп жатқан Хадижа Исмаилға шетелге шығуына салынған тыйымды күшінде қалдырған.

"Стокгольм экономика мектебінің Ригадағы филиалы мені журналистік зерттеу бойынша 23 күндік курсты жүргізуге шақырды. Шетелге белгілі бір уақытқа шығуыма рұқсат беруін немесе Әзербайжаннан сыртқа шығуыма тыйым салатын сот шешімінің күшін жоюды сұрап сотқа өтініш бердім. Тіпті сот елден шығуыма салынған тыйымды толық алып тастаған күннің өзінде Әзербайжаннан біржола кету ниетім жоқ, өйткені мен Әзербайжанда журналистік зерттеумен айналысуды жалғастырғым келеді. Шетелде отырып ондаймен айналысуға мүмкіндік шектеулі", - дейді Исмаил.

Оның адвокаты Фариз Намазлының түсіндіруінше, Әзербайжан заңы шартты жаза алған адамдарға сот шешімі негізінде елден уақытша шығуына мүмкіндік береді. "Біз бұған дейін осындай өтініш беріп, Хадижа Исмаилға халықаралық шараға қатысу үшін шетелге шығуына рұқсат беруін сұрағанбыз. Бірақ осы кезге дейін соттар өтініштерімізді қанағаттандырмай келді", - дейді адвокат.

Баку қаласының Бинагад аудандық соты "Кавказский узел" сайтына Хадижа Исмаилдан әлгіндей өтініш түскенін растаған және ол жақын күндері өндіріске қабылданатынын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG