Ресейдің Хабаровск қаласының билігі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныймен кездесуге 700-ден аспайтын адам ғана жиналғанын мәлімдеді деп хабарлады VistaNews.ru интернет сайты. Навальныйдың сайлауалды штабының басшысы Леонид Волков бұған жауап ретінде 24 қыркүйекте өткен митингіге "мыңдаған адам" қатысқанын мәлімдеді. Волков "Дождь" телеарнасына берген комментариінде Навальныйдың командасы акцияға қатысқандарды санап отырмайтынын айтып, нақты қанша адам жиналғанын айтпады.
Алексей Навальный Ресейде 2018 жылы өтетін президент сайлауына қатыспақ ниетте. Саясаткер қазір Ресей қалаларында үгіт-насихат кампаниясын жүргізіп жатыр. Хабаровскідегі кездесуге дейін ол Владивосток, Екатеринбург, Мурманск, Омбы және Новосибирск қалаларында жақтастарымен кездескен. Кездесулерге мыңдаған адам қатысқан.
Навальный билікті өзінің жақтастарымен кездесуіне кедергі келтіріп жатыр деп айыптайды. Навальный Хабаровскіге барар алдында белгісіз біреулер қалада оппозиционер туралы жалған үгіт-насихат плакаттарын іліп кеткен. Ал акция кезінде саясаткердің микрофонын өшіріп тастаған.
22 қыркүйекте Новосибирскіде өткен кездесуде митинг басталатын уақытқа билік режиссер Андрей Учительдің "Матильда" фильмінің премьерасын қойып қойған. Бұдан өзге, оппозиционердің жақтастары жиналуі тиіс паркте ыстық су толып қалған. Бірақ бұған қарамастан митинг өткізілген.