Accessibility links

Ташиев Қырғызстан президенті сайлауынан бас тартты


Қырғызстан президенттігіне кандидаттар Камчыбек Ташиев (оң жақта) және Сооронбай Жээнбеков. Жалал-Абад облысы, 20 қыркүйек 2017 жыл.
Қырғызстан президенттігіне кандидаттар Камчыбек Ташиев (оң жақта) және Сооронбай Жээнбеков. Жалал-Абад облысы, 20 қыркүйек 2017 жыл.

Қырғыз саясаткері, "Ата Жұрт" партиясының жетекшісі Камчыбек Ташиев Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) президент сайлауынан кандидатурасын алып тастайтыны туралы арыз жазды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясы ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Разы бойынша шешім ОСК отырысында қаралмақ. Комиссия кандидаттардың сайлауға үш күн қалғанға дейін сайлауға түсуден бас тартуға құқығы бар екенін айтады.

Камчыбек Ташиев 20 қыркүйекте Жалал-Абад облысының Созақ ауданы тұрғындарымен кездесуінде президент сайлауынан шығу ниеті барын мәлімдеген. Саясаткер жеті жыл оппозицияда болып, қиын күндерді бастан өткергенін айтқан.

Ташиев бұған дейін оппозициялық іс-қимылдарын доғаратынын хабарлаған. Кейін оның президент сайлауында Социал-демократиялық партиясының кандидаты, бұрынғы премьер-министр Сооронбай Жээнбековті қолдайтыны белгілі болған. Бұдан бұрын Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев та Жээнбековті қолдайтынын білдірген. Атамбаев Қырғызстан заңы бойынша екінші мерзімге сайлауға түсе алмайды.

Қырғызстанда президент сайлауы 15 қазанда өтеді. Сайлауға барлығы 13 кандидат тіркелген.

XS
SM
MD
LG