Accessibility links

Telia экс-басшысы "Өзбекстанда пара берді" деп айыпталды


Ларс Ньюберг, Telia (бұрынғы TeliaSonera) компаниясының бұрынғы басқарушы директоры.
Ларс Ньюберг, Telia (бұрынғы TeliaSonera) компаниясының бұрынғы басқарушы директоры.

Швеция прокурорлары Telia (бұрынғы TeliaSonera) компаниясының бұрынғы басқарушы директоры Ларс Ньюбергті Өзбекстанда 3G желісі жұмысына лицензия алу үшін пара берген деп айыптады. Өткен аптада швед компаниясы Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримоваға қатысты жемқорлық қылмысы ісі бойынша АҚШ және Нидерланд биліктеріне 1 миллиард доллар көлемінде айыппұл төлеуге келіскен.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, 22 қыркүйекте Швеция прокуратурасы Telia компаниясының бұрынғы басқарушы директоры Ларс Ньюберг пен осы компанияның тағы екі менеджеріне айып белгілеген.

21 қыркүйекте Өзбекстанда Ucell брендімен жұмыс істейтін Telia АҚШ және Нидерланды биліктеріне Өзбекстанға қатысты жемқорлық қылмыстарды реттеу үшін 965 миллион доллар төлейтінін жариялаған еді.

Telia мен АҚШ әділет министрлігі арасындағы келісім бойынша, швед компаниясы үш жыл бойы тергеу ісі бойынша әріптес болады. Дегенмен Ларс Ньюбергтің өзі тағылған айыптарды жоққа шығарды.

"Ұзаққа созылған іс Ньюбергті ақтап шығады деп ойлаймын. Өйткені оны айыптауға негіз жоқ" деді оның адвокаты Стефани Плейела.

2013 жылы Ларс Ньюберг пен Telia компаниясының тағы төрт топ-менеджері отставкаға кеткен болатын. Еуропада жүргізілген тергеу нәтижесі бойынша, Ларс Ньюберг Гүлнара Кәрімоваға миллиондаған пара бергені белгілі болған.

XS
SM
MD
LG