Accessibility links

Апелляция: Егеубаевтың ісін Сарыарқа аудандық соты қарасын


Айдын Егеубаев, астаналық белсенді.
Айдын Егеубаев, астаналық белсенді.

Астана қалалқ сотының апелляциялық алқасы азаматтық белсенді Айдын Егеубаевқа қарсы "абыройы мен қадыр-қасиетін қаралау" туралы шағымды қарауды Сарыарқа аудандық сотына қайтарды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Кәсіпкер Нұрлан Биядинов Айдын Егеубаевтың үстінен "абыройы мен қадыр-қасиетін қаралайтын және "Бәтуа" компаниясының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жала жабу сипатындағы мәлімет таратты" деп айыптап, шағым түсірген. Шағымданушылар соттан белсендіден 87 миллион теңге (шамамен 261 мың доллар) материалдық шығын мен моральдық зардап ретінде тағы бір миллион теңге (шамамен 3 мың доллар) өндіріп беруді талап етеді.

23 тамыз күні өткен сотта Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты Егеубаевтың адвокатының сұрауы бойынша Айдын Егеубаевтың азаматтық ісін қарауды Алматы аудандық №2 сотына беруге шешім шығарған болатын. Бірақ шағымданушы тараптың адвокаты Тұрсынтай Амралинов соттың бұл шешіміне апелляциялық шағым түсірген.

Шағымды қараған апелляциялық алқа судьясы Алма Есімова шағымды қанағаттандырып, негізгі шағым бойынша сот отырысын 27 қыркүйекке Сарыарқа аудандық сотына белгіледі.

Айдын Егеубаев Азаттыққа адвокат Тұрсынтай Амралиновтың шағымында көрсетілгендей ешқайда ешнәрсе жарияламағанын, тек өткен жылы жер комиссиясы кезінде сөйлегенін айтты.

Белсендінің мүддесін қроғаушы заңгер Антон Фабрый оған қарсы істің саяси астары бар және "елдегі жер қатынастарына қатысты мәселеде батыл сөйлеп жүрген азаматтың үнін өшіргісі келеді" деп біледі.

Жеке айыптау шағымында Newtimes.kz сайтында "қытайлықтар Қазақстан жерін ендігі иеленіп алғаны туралы" мақала шыққаны айтылады. Шағымда сонымен қатар "Бәтуа" компаниясын құрушылар қатарында Қытай азаматы жоғы" да айтылады. Шағымданушы белсенді компанияда қытайлық азамат барын айтып, компания беделіне нұқсан келтірді дейді.

Өткен жылы желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысында соя өсірумен айналысатын "Бәтуа" компаниясының өкілдері Егеубаевтың үстінен абыройы мен қадыр-қасиетін, іскерлік беделін қорғау және моральдық зардапты өтеу туралы азаматтық шағым түсірген болатын. Бірақ Астананың Алматы аудандық соты ол шағымды қараудан бас тартқан.

Бұл шағымнан бірнеше ай бұрын белсендімен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, қазір Ақтөбе облысын басқаратын Бердібек Сапарбаев та соттасқан. Шағым жасауға Егеубаевтың YouTube порталында жариялаған бейнежазбасы себеп болған. Сапарбаевтың пікірінше, жазбадағы мәліметтер оның намысы мен абыройына нұқсан келтіреді. Бейнежазбада Шығыс-Қазақстан облысының "Бәтуа" компаниясының да аты аталады.

Сот өткен жылдың қазан айында Егеубаевтан Бердібек Сапарбаевтың пайдасына оның абыройы мен намысын қорғау жөніндегі шағым бойынша 100 мың теңге (шамамен 300 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл өндіру және Сапарбаев туралы ақпаратын терістеу туралы шешім шығарған болатын.

XS
SM
MD
LG