Астанадағы үкімет жиынында сақтандыру қызметі мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылды. Жобада шетелге шығатын қазақстандық туристер үшін міндетті сақтандыру жасатуды міндеттеу және сақтандыру омбудсмендерінің өкілеттігін күшейту қарастырылған.
Заң жобасы бойынша үш кодекс пен 19 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қаралған. Жобаны дайындағандар құжатта азаматтар мен бизнес үшін сақтандыру қызметіне қолжетімділік пен оның сапасын арттыру көзделгенін айтады.
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев үкімет жиынының арасында журналистер сұрақтарына жауап беріп тұрып, заң жобасы қазақстандық туристердің құқығын қорғау үшін дайындалғанын және ол шетелге шығатын туристердің мүлікке қатысты мүдделерін міндетті сақтандыру жүйесін енгізуді қарастыратынын айтты.
"Шетелге шығатын туристі туристік операторлар міндетті сақтандыру бағдарламаларының бірі бойынша баратын мемлекетіне және болатын күніне қарай сақтандырады" деді Ақышев.
Ұлттық банк төрағасы сонымен қатар заң жобасында міндетті және ерікті сақтандыру омбудсмендерінің өкілеттігін кеңейту, оның ішінде тараптардың құқығын сақтап сотқа жүгіне алу өкілетін беру қарастырылғанын да айтты.
Қазақтстанда сақтандыру омбудсмені институты 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір сақтандыру омбудсмені тараптар арасындағы дауды тек көлік жүргізушілерінің міндетті сақтандыру келісім-шартында көрсетілген шарттар бойынша ғана сотқа дейін реттей алады.