Сейсенбіде Шымкенттегі Абай аудандық сотында жол полициясының әрекеттерін видеоға түсіріп танылған белсенді Руслан Жанпейісовтің ісіне прокурор Фараби Әйтімбетов қосымша қылмыстық іс енгізуді сұрады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Жарты сағатқа кешігіп басталған сот отырысында судья Қанат Мылтықбаев тараптардан жарыссөз алдында қандай да бір талап-тілектері бар-жоғын сұрады. Руслан Жанпейісовтың адвокаты Ольга Лаврентьева соттан Жанпейісовтың дүние-мүлкін тәркілемеу туралы талап-тілек түсірді.
- Жанпейісов 2017 жылдың қаңтар айында полицей Мұрат Қуандықовтан бопсалау арқылы ұялы телефонына бірлік салдырған. Бұл арқылы Руслан Жанпейісов қылмыстық іске барған. Осыған орай істі Қылмыстық кодекстің 362-бабымен де ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану" - Ред.) қарауды сұраймын, - деді прокурор.
Прокурордың бұл талап-тілегіне айыпталушы Руслан Жанпейісов пен оның адвокаттары және сенімді өкілдері қарсы шықты. Адвокат Закир Асадов "бұл сотқа дейін тергелмеген, тексерілмеген күдікті мен жәбірленуші беттестірілмеген іс болғандықтан қаралып жатқан іске қосу заңсыз" екенін айтты. Әріптесінің сөзін қолдаған адвокат Ольга Лаврентьева прокурордың талабы орындалған жағдайда айыпталушының конституциялық құқығы шектелетінін жеткізді.
Руслан Жанпейісовтың қоғамдық сенімді өкілі, әйелі Алена Жанпейісова бұған дейінгі сот отырысында жәбірленуші Мұрат Қуандықов айыпталушыдан бірнеше рет бопсалау көргенін айтпағанын, прокуратура айыпталушыны "мазақ етіп отырғанын" айтты.
Сот прокурордың сұрауы бойынша шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетті.