Accessibility links

Өзбектің диссидент жазушысы Түркиядан еліне оралмақ


Нурулло Отаханов, Түркиядан еліне оралмақ болған өзбек жазушысы
Нурулло Отаханов, Түркиядан еліне оралмақ болған өзбек жазушысы

63 жастағы өзбек жазушысы Нурулло Отаханов (Нуруллох Мухаммад Рауфхон) Өзбекстанға қайтып оралатын болды. Жазушының "Ақ ғимарат түндері" деп аталатын әңгімелер жинағы бойынша көркем фильм түсірілген. Соңғы жылдары Түркияда тұрған Отаханов сейсенбіде Стамбул әуежайынан Ташкентке ұшарының алдында Азаттықтың Өзбек редакциясына еліне Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев шақырған соң қайтпаққа бекінгенін айтты. Мирзияев таяуда шетелдерде тұратын отандастарын еліне оралуға шақырған.

Жазушы Түркияға екі жыл бұрын Стамбулдың Ferfir баспасының шақыртуы бойынша барған.

- Бұл басылым мені Стамбулға кітабымның тұсаукесеріне қатысуға және оқырмандармен кездесуге шақырды. Бірақ ол шара кейінге қалдырылғандықтан мен Түркияда біраз уақыт қалып қоюға мәжбүр болдым. Бұл уақытта мен "Осы күндер" ("Бу кунлар") деп аталатын екінші кітабымды шығардым. Онда Өзбекстанның тәуелсіздік кезеңіндегі дамуы сыналады. Ол кітабым шыққан соң менде проблема туындай бастады. Достарымның көбі маған Өзбекстанға әзірге қайтпай қоя тұруға кеңес берді, - деді жазушы.

Нурулло Отаханов "Осы күндер" кітабында Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримов орнатқан режимді сынайды. Жазушы бұрынырақта "Осы күндер" кітабына бола өзбек билігі өзін "халық жауы" және "отанын сатқан" деп танығанын айтқан. Отаханов 2013 жылдың соңында белгісіз себептермен "Мовароуннахр" баспасының бас директоры және "Хидоят" журналының бас редакторы қызметтерінен босатылған болатын. Бұдан соң ол Өзбекстандағы "ұнамсыз адамдар" тізіміне енгізілген.

Биыл тамызда жаңа президент Шавкат Мирзияев үкіметі бірнеше мың адам - діни-экстремистік ағымдардың мүшелері мен шетелде қуғында жүрген диссиденттердің "қара тізімнен" шығарылғанын жариялаған. Нурулло Отаханов өзінің еліне оралуына биліктің осы әрекеті түрткі болғанын айтады.

XS
SM
MD
LG