Accessibility links

Хадиджа Исмаилова халықаралық сыйлыққа ие болды


Хадиджа Исмаилова, әзербайжандық зерттеуші журналист.
Хадиджа Исмаилова, әзербайжандық зерттеуші журналист.

Әзербайжандық зерттеуші журналист Хадижа Исмаилова мен әлеуметтік әділеттілік үшін күрес жүргізіп жүрген үш заңгер "Дұрыс өмір сүру образы үшін" (Right Livelihood Award) сыйлығына ие болды. Стокгольмдегі Right Livelihood Award Foundation қоры тағайындаған бұл сыйлық Нобель сыйлығына "балама" ретінде де танылған.

Азаттықтың Әзербайжан редакциясының журналисі, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев үкіметіндегі коррупция фактілері туралы зерттеу жүргізген Хадиджа Исмаилова - Әзербайжанда бұл сыйлықты иеленген алғашқы адам. Сыйлықты тағайындайтын қазылар алқасының мәлімдемесінде Исмаилованың сыйлыққа "үкіметтің ең жоғары сатысындағы коррупцияны әшкерелеудегі батылдығы мен қайраттылығы үшін" ие болғаны айтылады.

Биыл бұл сыйлыққа 50-ден астам мемлекеттен 102 номинант ұсынылған. Исмаиловамен қатар эфиопиялық белсенді, мүгедектер құқығы үшін күресіп жүрген Йетнеберш Нигусси және адам құқығын қорғау саласында жұмыс істейтін үндістандық адвокат Колин Гонсальвес те сыйлыққа ие деп танылды.

Сыйлықтың үш миллион швед кроны көлеміндегі (шамамен 374 мың доллар) ақшалай жүлдесі Исмаилова, Нигусси мен Гонсальвеске бөліп беріледі.

Америкалық адвокат, қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс істейтін Роберт Биллот құрмет наградасымен марапатталды. Бұл награда үшін ақшалай жүлде берілмейді.

Сыйлықты тапсыру рәсімі 1 желтоқсанға жоспарланған.

XS
SM
MD
LG