Украинаның Винницк облысының Калиновка қаласында 26 қыркүйек күні кешке қару-жарақ қоймасында жарылыс болып, тұрғындар эвакуацияланып жатыр деп хабарлады полиция мен тұрғындар. Куәгерлердің айтуынша, алғашқы жарылыстан соң аспанда ашық жарқылдар көрінген. Кейбір тұрғындар жарылыстан соң шыққан өрт пен түтіннен улы газ түзілуі мүмкін деп қауіптенеді.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жарылыс толқынынан Калиновка аудандық кеңесі ғимаратының терезелері сынған. Бұл ғимаратқа кейін өрт пен жаңа жарылыстарды болдырмау жөніндегі төтенше жағдайлар штабы орналасқан.
Ресми ақпарат бойынша, жарылыс болғаннан көп ұзамай Винницаға Украина қарулы күштері бас штабының бастығы Виктор Муженко, премьер-министр Владимир Гройсман барған. Украина ұлттық полициясының ақпараты бойынша, Калиновкада адамдарды эвакуациялау басталып, тұрғындардың заттары мен дүниелерін тонаушылардан қорғау шаралары қолға алынған.
Украина полициясы бастығының орынбасары Александр Фацевич Винницаға кетті. Украина ақпараттық саясат министрінің орынбасары Дмитрий Золотухиннің сөзіне қарағанда, жарылыс кездейсоқ болған. Ол билік жағдайды бақылауға алуға тырысып жатқанын айтады.