Accessibility links

Алматыда Ұзақбай Қарамановпен қоштасты


Ұзақбай Қараманов, мемлекет қайраткері, саясаткер (Сурет Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен алынған).
Ұзақбай Қараманов, мемлекет қайраткері, саясаткер (Сурет Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен алынған).

Алматыда 27 қыркүйекте мемлекет қайраткері, саясаткер, 80 жасында дүние салған Ұзақбай Қарамановпен қоштасты деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Марқұммен қоштасу Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында өтті.

Қаралы жиынға марқұмның туыстары, таныстары, билік өкілдері қатысты. Жиынға келгендер қатарында Алматы әкімі Бауыржан Байбек, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов болды.

Ұзақбай Қарамановпен қоштасу рәсімі. Алматы, 27 қыркүйек 2017 жыл.
Ұзақбай Қарамановпен қоштасу рәсімі. Алматы, 27 қыркүйек 2017 жыл.

Қазақ ССР-нің алғашқы премьер-министрі, бұрынғы мәжіліс депутаты Ұзақбай Қарамановтың қайтыс болғаны 25 қыркүйекте хабарланған.

Ұзақбай Қараманов 1989 жылы Қазақ ССР министрлерінің кеңесінің төрағасы, 1990 жылы Қазақ ССР премьер-министрі болған. Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі, 1993 жылы Халықаралық Арал теңізін құтқару қорының президенті, парламент мәжілісінің депутаты болған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарамановтың туыстарына көңіл айту телеграммасын жолдаған. Телеграммада президенттің "мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың қазасы туралы хабарды қайғыра қабылдағаны" айтылады.

Назарбаев Қарамановты "бүкіл өмірін халқы мен туған жерінің көркеюіне арнап, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарғанын" айтқан.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, марқұм Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленбек.

XS
SM
MD
LG