Испанияның Каталония автономиясының Жоғарғы соты аймақ тәуелсіздігі жөнінде референдум туралы ақпарат жариялаған 140-тан астам сайтты бұғаттауға өкім берді деп хабарлады EFE ақпарат агенттігі.
Бұғатталған сайттар қатарында Каталония Ұлттық ассамбелясының сайты және автономия тұрғындары өз сайлау учаскесінің мекен-жайын анықтап, бюллетеньді басып шығарып ала алатын сайт та бар.
Каталонияның Испаниядан тәуелсіздік алуы жөніндегі референдум 1 қазанға белгіленген. Сайлаушылардың көпшілігі автономияның Испания құрамынан бөлінуін қолдап дауыс берсе, онда Каталония билігі дауыс беру қорытындысы шыққан соң 48 сағат ішінде тәуелсіздік жарияламақ ниетте.
Испания билігі референдумның өтуіне кедергі келтіретіні туралы ресми түрде мәлімдеген. Каталония полициясына 29 қыркүйектен бастап аймақтағы барлық сайлау учаскесін бақылауға алу туралы бұйрық берілген.
Шілденің соңында Испанияның Конституциялық соты референдумды заңсыз деп таныған қаулы шығарған.