Украина премьер-министрі Владимир Гройсманның мәлімдеуінше, Винница облысының Калиновка қаласына жақын маңдағы әскери бөлімдегі қару-жарақ қоймасының жарылуына сыртқы фактор себеп болған.
"Алдын ала айтсақ, сарапшылар қойма өздігінен тұтанбаған, оған сыртқы әсерлер себеп болған деп есептейді" деді Гройсман.
Украина қарулы күштерінің бас штабы Калиновкадағы қоймада жарылыс пен өрт диверсиялық әрекеттен тұтанған болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұнда елдегі ең ірі қару-жарақ қоймасы сақталған.
Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Зорян Шкиряктың пікірінше, бұл "Ресей диверсиясы" болуы мүмкін. Бұл туралы ол фейсбукте жазды.
Қоймадағы өрт жергілікті уақыт бойынша 26 қыркүйекте түнгі сағат 22-де басталған. Өрт болған аймақтан 30 мың адам көшірілді.
Әскери қоймада 188 мың тонна қару-жарақ сақталған.