Accessibility links

АҚШ президенті Дональд Трамп Facebook пен баспасөзді өзіне қарсы астыртын сөз байласты деп айыптады. Ақ үй басшысы Twitter-дегі жазбасында әлеуметтік желілер "әрқашан Трампқа қарсы шығып, жалған ақпарат таратқанын" айтады. Ол сонымен қатар New York Times және Washington Post басылымдарын "құпия сөз байласты" деп айыптады.

Бұған дейін Facebook басшысы Марк Цукерберг Ресейдің өткен жылы АҚШ-тағы президент сайлауына Facebook арқылы килікпек болды деп мәлімдеген. Цукербергтің сөзінше, Мәскеу сайлау кампаниясы кезінде саяси жарнамаларға ақша төлеген. Ресеймен байланысы бар аккаунттар үгіт-насихатқа шамамен 100 мың доллар төлеген.

Цукерберг АҚШ Конгресіне Кремльдің президент сайлауына ықпал етуін тергеуге болысуға уәде берген. Цукербергтің сөзіне қарағанда, әлеуметтік желі шет мемлекеттің өзге елдердегі сайлауға килігу әрекетіне толықтай тосқауыл қоя алмайды. Бірақ Facebook әділ сайлау өткізуге септесу шараларын жасауға ниетті.

АҚШ-та қазір өткен жылғы президент сайлауына Ресейдің килігу әрекетін тексеріп жатыр. Тамыздың басында АҚШ-тың арнайы прокуроры Роберт Мюллер сайлаудағы "Ресей іздерін" тергеу үшін үлкен алқа сотын құруға шақырған. Мюллер "Трамп штабы Кремльмен астыртын сөз байласып, Демократиялық партия атынан президенттікке үміткер болған Хиллари Клинтонның позициясын әлсіретуге тырысты ма" деген мәселені анықтайды. Мәскеу АҚШ сайлауына араласпақ болғанын жоққа шығарады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG