Accessibility links

Өзбекстанда ең қарт бұрынғы саяси тұтқын қайтыс болды


Өзбекстанда "мақта ісі" бойынша сотталып, Ислам Каримов билігі тұсында ұзақ жыл түрмеде отырған Ахмаджон Адыловтың портреті.
Өзбекстанда "мақта ісі" бойынша сотталып, Ислам Каримов билігі тұсында ұзақ жыл түрмеде отырған Ахмаджон Адыловтың портреті.

Өзбекстанда 92 жасында мемлекет қайраткері, 1980 жылдардың ортасында "мақта ісі" бойынша түрмеге жабылып, Ислам Каримов билігі тұсында тағы 15 жыл түрмеде отыған Ахмаджон Адылов қайтыс болды. Оны елдің ең қарт бұрынғы саяси тұтқыны деп атайтын.

Азаттықтың Өзбек редакциясына бірнеше дереккөзінің, оның ішінде публицист Шароф Убайдуллаевтың хабарлауынша, Адылов Наманган облысында өз үйінде дүние салған. Марқұм 27 қыркүйекте туған жері Гурумсарай ауылында жерленген.

Дереккөздерінің мәліметінше, Ахмаджон Адыловпен қоштасуға республиканың түрлі аймақтарынан бес мыңға тарта адам жиналған.

Өзбекстанның еңбек сіңірген мақта өсірушісі, Социалистік еңбек ері Ахмаджон Адыловтың советтік Өзбекстан мен СССР бірінші басшыларына ықпалы күшті болғаны айтылады. Адылов 1966-1971 жылдары КОКП орталық ревизиялық комиссиясының мүшесі, КОКП-ның 22, 24 және 25-съездерінің депутаты, СССР Жоғарғы кеңесі президиумының мүшесі, Өзбекстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған.

Адылов Өзбекстан тәуелсіздік алған соң кейбір мәліметтер бойынша "Тимурдың әділеттілігі" партиясын құруына байланысты қайтадан сотталған. Бірақ үкімде партияның аты аталмайды. 1993 жылы Ахмаджон Адылов тұтқындалып, кейін Қоқанд қаласының қылмыстық істер соты оны бес тонна минералдық тыңайтқыш ұрлады деп айыптап, төрт жылға соттаған.

Түрмеде отырғна кезінде ол Совет одағы кезінде экономикалық қылмыс жасады деген айыппен тағы 10 жылға сотталған. Кейін оның жаза мерзімі бірнеше рет ұзартылып, түрмеден 2008 жылдың 3 маусымында босатылған.

Өзбек ССР-інде мәскеулік тергеушілер Тельман Гдлян мен Николай Иванов "мақта ісі" деген жалпы атауға ие болған экономикалық және коррупциялық қылмыстар бойынша барлығы 800 қылмыстық іс қозғаған. Өзбекстанда төрт мыңнан астам адам, оның ішінде елдің бірінші басшылары, зауыттардың директорлары мен қатардағы бригадирлер түрлі мерзімдерге сотталған.

XS
SM
MD
LG