Accessibility links

Шымкенттік белсенді сотта "айыбын" мойындады


Белсенді Руслан Жанпейісов сотта тұр. Шымкент, 28 қыркүйек 2017 жыл.
Белсенді Руслан Жанпейісов сотта тұр. Шымкент, 28 қыркүйек 2017 жыл.

Шымкенттегі Абай аудандық сотында жол полициясының әрекеттерін видеоға түсіріп танылған белсенді Руслан Жанпейісов өзіне тағылған айыпты толық мойындады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Руслан Жанпейісовтің адвокаты Закир Асадов бұған дейін Жанпейісовтің үстінен қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-тармағы ("Қорқытып алу"), 399-бабының 1-тармағы ("Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану") және 403-бабының 2-тармағы ("Қоғамдық бiрлестiктер мүшелерiнiң мемлекеттiк органдардың қызметiне заңсыз араласуы") бойынша айып тағылғанын айтқан.

Бейсенбіде сот отырысы басталмастан бұрын тараптар - прокурор, айыпталушы және жәбірленуші полицей Мұрат Қуандықов кеңесу бөлмесіне кіріп шықты.

Сот отырысы басталған кезде судья Қанат Мылтықбаев тараптардан талап тілегі бар-жоғын сұрады

Жанпейісов уақытша тергеу абақтысы әкімшілігінің өзі туралы жақсы пікір берген хатын оқып берді. Содан кейін Жанпейісов судьядан 194-баптың 2-тармағы ("Қорқытып алу") бойынша іс қозғауға негіз болған, жәбірленуші полицей Мұрат Қуандықовтан өзінің ұялы телефонына 5 мың теңге бірлік салғаны, я салмағаны туралы прокурор алдырған Kcell ұялы байланыс операторының хатын оқып беруді сұрады

Хатты оқыған судья жәбірленуші полицейдің айыпталушы Жанпейісовке бірлік жібермегенін айтты

Бұдан соң прокурор судьяға тараптар келісімге келгенін жеткізді.

Сот аяқталған соң Жанпейісов Азаттыққа "Сотта ешнәрсені дәлелдеудің қажеті жоғын түсіндім, сондықтан келісімге келіп, үйіме қайтқым келеді" деді.

26 қыркүйекте өткен сотта прокурор Фараби Әйтімбетов Жанпейісов ісіне Қылмыстық кодекстің 362-бабымен де ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану" - Ред.) қосымша қылмыстық іс енгізуді сұраған болатын. Бұған Жанпейісов пен оның адвокаты және сенімді өкілдері қарсы шыққан. Судья ол талап-тілекті қабылдамады.

Сот 29 қыркүйек күні сағат 16-да жалғасатын болды.

XS
SM
MD
LG