Accessibility links

Журналист Ахмедьяровқа қатысты іс тоқтатылды


Лұқпан Ахмедьяров, "Уральская неделя" басылымының бас редакторы.
Лұқпан Ахмедьяров, "Уральская неделя" басылымының бас редакторы.

Сотқа дейінгі тергеу органдары "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяровқа қатысты қылмыстық істі қылмыстық құрам болмағандықтан жапты деп хабарлады "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы.

Бұған дейін Ахмедьяровқа "билік өкілін тілдеді" деген айып тағылған болатын. Тергеу жергілікті полицей Әділ Тұрманов Лұқпан Ахмедьяровпен телефон арқылы сөйлескен соң 29 шілдеде Орал қалалық ішкі істер басқармасына шағымданғаннан кейін басталған.

Ахмедьяров бұған дейін Азаттыққа 22 шілде, демалыс күні Оралдан қашыққа кеткен кезінде ұялы телефонына өзін полиция қызметкері Тұрманов деп таныстырған адам қоңырау соғып, журналистің бұрын жасаған әкімшілік құқық бұзу әрекеті бойынша хаттама толтыру үшін полицияға келіп кетуін сұрағанын айтқан.

"Оның сөзі түсініксіздеу болғандықтан, яғни ол менің қаладан жырақта екенімді түсінбегендіктен оған қаладан алыста екенімді және қазір бара алмайтынымды қайталауға мәжбүр болдым. Ал ол қалайда келуімді талап ете бастаған соң оған "кетші әрмен" деген сыңайда сөз айтып қойдым" деген болатын сол кезде Ахмедьяров Азаттыққа.

Лұқпан Ахмедьяров 2012 жылы қастандық жасалып, тірі қалған. Ахмедьяров пен оның адвокаттары қастандықты оның азаматтық белсенділігі және кәсіби қызметімен байланыстырады. Ахмедьяровты бұған дейін күш құрылымдарының шенеуніктері бірнеше рет сотқа беріп, ірі көлемде айыппұл төлеуге мәжбүрлеген.

XS
SM
MD
LG