Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists - CPJ) Украина билігін Киевте ұсталған өзбекстандық журналист Нарзулло Охунжоновты босатуға және оны Өзбекстанға экстрадицияламауға шақырды. "Өзбекстан" радиоканалындағы "Янги жамият" ("Жаңа қоғам") деп аталатын саяси-құқықтық бағдарламаның бұрынғы жетекшісі Нарзулло Охунжонов 20 қыркүйекте Түркиядан Киевке ұшып келген бойда ұсталған. Ол Украинадан саяси баспана сұрамақ болған.
Журналистің адвокаты Алексей Федоров аталған ұйымға Охунжонов Өзбекстанға экстрадициялануы мүмкін екендігін айтқан. 27 қыркүйекте Киев қалалық соты экстрадиция мәселесі шешілгенше, журналисті 40 күнге дейін қамау туралы шешім шығарған.
Украина журналистің Интерпол тізімінде болғандықтан тұтқынға алынғанын мәлімдеді. Оны Өзбекстанның құқық қорғау органдары "алаяқтық жасады" деген айыппен халықаралық іздеуге берген болып шықты.
Адвокат Алексей Федоровтың сөзінше, Нарзулло Охунжонов өзіне тағылған айыптардың бірін де мойындамайды. Түркияда бірнеше жыл тұрған журналист адвокатына өткен жылы жазды іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен соң адам құқығы жағдайы қиындап кеткендіктен, бұл елден кетуге мәжбүр болғанын айтқан.
Журналист Нарзулло Охунжонов бұрын Азаттықтың Өзбек редакциясының (Озодлик Радиоси) радио бағдарламаларында сарапшы ретінде Өзбекстандағы саяси процестерге қатысты пікір білдіріп жүрген.