Accessibility links

Шымкент соты белсендінің бас бостандығын екі жарым жылға шектеді


Белсенді Руслан Жанпейісов сотта тұр. Шымкент, 28 қыркүйек 2017 жыл.

Шымкенттегі Абай аудандық соты жол-патрульдік полициясы қызметкерлерін видеоға түсіріп танылған жергілікті белсенді Руслан Жанпейісовтің бас бостандығын екі жарым жылға шектеп, сот залынан босатуға үкім етті.

Бүгінгі сот отырысында судья Қанат Мылтықбаев тараптардан келісімге келген-келмегенін сұрады. Руслан Жанпейісов прокурор ұсынған айыптаумен келіспегендіктен келісімге келуден бас тартатынын айтты. Содан кейін судья сот процесі тәртіппен жалғасатынын хабарлады.

Тараптардың талап-тілегі болмағандықтан судья жарыссөзге кезек берді. Прокурор Руслан Жанпейісовтің қалай қылмысқа барғанын, сот тергеуінде айыбын ішінара мойындағанын айтып, соттан Жанпейісовті айыпты деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеп, мал-мүлкін тәркілеуді сұрады.

Руслан Жанпейісовтің адвокаттары оның қоғамдық белсенділігін, "өзінің белсенділігі арқылы қоғамға көмек бергенін, парақшасында миллионға жуық тіркелушісі бар екенін, мал-мүлкін тәркілеуге негіз жоқ екенін" айтты.

Руслан Жанпейісов тағылған айыппен толық келіспейтінін, кейбір жағдайда полиция қызметкерлеріне сеніп қалғандықтан қателік жібергеніне өкінетінін айтты. "Сотта нақтыланған кейбір айыптармен келісемін әрі өкінемін. Уақытша тергеу абақтысында жатқаныма 6 айдан асты. Вахталық жұмыс істейтінімді ескеріп соттан жаза ретінде 6 айға бас бостандығымнан айыруды сұраймын" деді ол.

Жарты сағаттан соң кеңесу залынан шыққан судья Қанат Мылтықбаев үкім оқыды. Сот Руслан Жанпейісовті қылмыстық кодекстің 399-бабының 1-тармағы және 403-бабының 2-тармағымен айыпты деп танып, екі жарым жылға бас бостандығын шектеп, мал-мүлкін тәркілемеуге, сот залынан босатуға үкім етті.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG