Accessibility links

АҚШ Ирак Күрдістанындағы референдумды заңсыз деп санайды


Ирактың Күрдістан автономиялық аймағының басшысы Масуд Барзани Ирактан тәуелсіздік алу туралы референдумға дауыс беріп жатыр. Эрбил, 25 қыркүйек 2017 жыл.
Ирактың Күрдістан автономиялық аймағының басшысы Масуд Барзани Ирактан тәуелсіздік алу туралы референдумға дауыс беріп жатыр. Эрбил, 25 қыркүйек 2017 жыл.

АҚШ Ирактың солтүстігіндегі Күрдістан автономиялық аймағының тәуелсіздік алу туралы өткізген референдумын заңсыз деп санайды.

"Құрама Штаттар біржақты өткізілген референдумды мойындамайды. Дауыс беру мен оның нәтижесі заңды емес. Біз біртұтас, федералдық, демократиялық және гүлденген Иракты қолдауымызды жалғастыра береміз", - деп мәлімдеді жұма күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон.

Ол Ирактың орталық билігі мен Күрдістан автономиялық аймағының басшылығын проблеманы күш қолданбай, диалог арқылы шешуге және күш-жігерді "Ислам мемлекеті" террористік тобына қарсы күреске жұмылдыруға шақырған.

29 қыркүйекте Ирак үкіметі Күрдістан автономиялық аймағындағы әуежайларға халықаралық әуе қатынасына тыйым енгізілетінін жариялаған. Ирак әскері Түркия мен Иран арасындағы шекаралық бекеттерді бақылауына алуға дайындалып жатқаны хабарланған. Ирак билігі елдің мұнайлы орталығы саналатын Киркук қаласына әскер жіберетіні туралы мәлімдеме жасаған. 2014 жылы исламшыл жихадшылар шабуылынан қауіптенген Ирак әскері Киркукті тастап шыққаннан кейін қаланы күрд қарулы топтары бақылауына алған болатын.

Күрдтер өкілдері Ирактың орталық үкіметінің іс-әрекетін заңсыз деп атап, халықаралық қауымдастықтан көмек сұрайтыны туралы мәлімдеген.

Бұған дейін Ирактың Күрдістан автономиясының сайлау комиссиясы 25 қыркүйекте өткен тәуелсіздік алу жөніндегі референдумды "толық өтті" деп жариялаған. Автономия билігі дауыс беруге қатысқандардың 92 пайыздан астамы "тәуелсіздікті қолдағаны" туралы хабарлаған.

Бағдат, Анкара мен Тегеран Күрдістан тәуелсіздігі туралы референдумның нәтижелерін мойындаудан бас тартып отыр.

XS
SM
MD
LG