Accessibility links

Сынға іліккен АҚШ денсаулық сақтау министрі отставкаға кетті


Том Прайс.
Том Прайс.

АҚШ денсаулық сақтау министрі Том Прайс ел ішіндегі және шетелге іссапарлары кезінде әскери ұшақтар мен чартерлік рейстерді пайдаланғаны үшін сынға іліккеннен кейін отставкаға кетуді ұйғарды. Бұл туралы ол жұма күні мәлімдеген.

Бұл сынға Politico басылымы жариялаған денсаулық сақтау министрлігі бас ревизорының баяндамасындағы мәлімет ілік болған. Ол дерекке сәйкес, министр Прайс іссапарға шыққанда жеке меншік және мемлекеттік ұшақтарға қазынадан 400 мың доллардан аса қаржы жұмсаған. Бірнеше сапарға министрмен бірге зайыбы қоса барған. Енді бірде Том Прайс бір-бірінен 200 шақырым қашықтықта орналасқан Вашингтоннан Филадельфияға чартерлік ұшақпен ұшып барған. Бұл екі қаланың бірінен екіншісіне автокөлікпен де, пойызбен де оңай жетуге болады.

Қалыптасқан ереже бойынша, министрден бастап қатардағы клеркке дейінгі америкалық мемлекеттік қызметшілердің барлығы төтенше жағдайлар кезінде болмаса, іссапарға шыққанда жол шығыны арзан болуын өзі қадағалауы тиіс. Прайсқа дейін денсаулық сақтау министрі болған екі адам қызмет бабымен барған сапарларына ешқашан чартерлік ұшақтар жалдамағаны туралы мәлімдеген. Прайс әскери ұшақтарды пайдалануға Ақ үйден арнайы рұқсат алған.

Politico басылымындағы мақаладан кейін Том Прайс өзі мен әйелінің жеке ұшақтарды пайдаланғаны үшін қазынадан жұмсалған қаржының орнын толтырғанын айтып, министр қызметіндегі жұмысын жалғастыру беру ниеті барын мәлімдеген. Бірақ бейсенбіде президент Дональд Трамп министрге қатысты мәселенің «жайсыз көрінетіні» туралы айтқан. Америкалық баспасөз құралдары Прайстың жұмысына Трамптың көңілі толмайды деп жазған. Трамп кәсіби дәрігер, 12 жыл конгресс мүшесі болған Прайсқа бұрынғы президент Барак Обаманың кезінде қабылданған медициналық сақтандыру жүйесін өзгерту туралы жаңа заң жобасын қолдауға конгресті көндіреді деп үміт артқан болатын деп жазады баспасөз.

XS
SM
MD
LG