Accessibility links

Бабановтың сөзінен кейін Ош пен Жалалабадта наразылық шерулері өтті


Қырғызстан президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановтың сөйлеген сөзіне байланысты өткен наразылық акциясына қатысушылар. Ош, 30 қыркүйек 2017 жыл.
Қырғызстан президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановтың сөйлеген сөзіне байланысты өткен наразылық акциясына қатысушылар. Ош, 30 қыркүйек 2017 жыл.

Қырғызстан президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановтың Ош және Жалалабад қалаларындағы сайлау штабтарының жанында наразылық ациялары өтті. Шараға қатысушылар саясаткердің 28 қыркүйекте "Әмір Темір" шағын ауданындағы сөйлеген сөзіне қарсылықтарын білдірген. Түрлі есеп бойынша, екі қалада өткен наразылық акцияларына жүз адамнан үш жүз адамға дейін қатысқан.

Өмірбек Бабанов 28 қыркүйекте Ошта сөйлегеннен кейін интернет арқылы тараған оның сөзінің үзіндісі қоғамда түрлі пікір туғызған. Кейбіреулер оны "арандату" десе, енді біреулер оны кандидатқа қарсы ұйымдастырылған "қара пиар" деп атаған.

29 қыркүйекте Ошта бірнеше жергілікті тұрғын баспасөз мәслихатын өткізіп, Бабановтың сөзіне байланысты шара қолдануды талап еткен. Бішкекте қоғамдық белсенді Турсунбек Акун президенттікке кандидаттың сөзіне құқықтық баға берілуін сұрап, Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясына өтініш берген.

Өмірбек Бабановтың сайлау штабы саясаткердің Оштағы сөйлегені деп әлеуметтік желіде тараған видео - қолдан құрастырылған, "жалған" өнім деп мәлімдеген. Саясаткерлердің өкілдері құқық органдарына шағым түсіруге ниетті екендерін айтады.

Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Өмірбек Бабановтың сөзіне қатысты әлеуметтік желілерде тараған материалдарды тексеруге уәде еткен.

XS
SM
MD
LG