Ресейде 20 жылға сотталып, жазасын өтеп жатқан украиналық режиссер Олег Сенцов Тюмень қаласының тергеу абақтысынан "Открытая Россия" қоғамдық ұйымының мүшесі журналист Зоя Световаға хат жолдаған.
Сенцов билік өзін Ресейдің солтүстігіндегі Ямал-Ненец автономиялық округінің қиыр шетіндегі Харп кентінде орналасқан, қатал тәртібімен белгілі колонияға апармақшы деп санайды.
Режиссердің айтуынша, этаппен жөнелткенге дейін оған келген хаттардың көбін бермеген, кейін тұтқынға әлгі хаттардың барлығын бір-ақ берген. Пошта арқылы 29 қыркүйекте жеткен хатта 17-і күні жазылып, 21-інде жіберілгені туралы белгі бар.
Бұған дейін Ресейдің Саха республикасындағы түзеу колониясында болған Сенцовты қыркүйектің басында белгісіз жаққа этаппен жөнелткені хабарланған. 9 қыркүйекте Иркутскідегі қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері қаладағы тергеу абақтысынан Сенцовты жолықтырған. Содан бері адвокаттар да, отбасы да тұтқынның нақты қайда екенінен хабарсыз болатын.
2015 жылы Ресей сотының үкімімен Украина азаматтары Олег Сенцов 20 жылға, Александр Кольченко - 10 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Олар Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінде "террорлық іс-әрекет жасады" деген айыппен сотталған.
Сотталған екеуі де өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған.
Жетекші құқыққорғаушы ұйымдар Сенцов пен Кольченконы саяси тұтқындар деп жариялаған. Ресей оларды Украинаға беруден бас тартқан.