Accessibility links

БАҚ: Ташкентте банктер азаматтарға валюта сатпай жатыр


Өзбекстан валютасы мен АҚШ доллары (Көрнекі сурет).
Өзбекстан валютасы мен АҚШ доллары (Көрнекі сурет).

Өзбекстандық БАҚ-тың дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, Ташкент банктерінде жеке тұлғаларға шетел валютасын сатпай жатыр. Үкіметтің 24 қыркүйектегі отырысында премьер-министр Абдулла Әріпов 1 қазаннан бастап тұрғындарға шетел валютасы сатыла бастайтынын мәлімдеген еді.

Ақпаратқа қарағанда, 2 қазанда Өзбекстанның "Халк банке" (Халық банк), "Миллий банке" (Ұлттық банк), "Ипотека банке" секілді банктері жеке тұлғаларға шетел валютасын сатпай қойған.

Өзбекстанда 5 қыркүйектен бастап жеке тұлғалардың айырбас пунктерінде доллар сатуына рұқсат берілген болатын. Жеке тұлғалар валютасын коммерциялық банктердің айырбас бөлімдерінде конверсиялап, оны пластик карточкасына аудару арқылы айырбастай алады.

Ташкенттің Тошбек есімді тұрғыны қала халқы шетел валютасын әлі күнге дейін "қара базардан" сатып алатынын айтады. "Бірақ "қара базар" бұрынғыдай жұмыс істемейді, олар долларды құпия түрде сатады" дейді тұрғын.

Reuters агенттігінің мәліметіне қарағанда, Өзбекстан үкіметі валюта саясатын либералдандырудың өндіруші сектор мен әлеуметтік салаға ықпалын жұмсарту үшін Дүниежүзілік банктен 1 миллиард АҚШ долларына дейін қарыз алмақшы.

XS
SM
MD
LG