Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев Астанада өткен үкімет отырысында Қазақстандағы бағаның өсуіне "ықпал ететін" негізгі факторларды атады. Ақышевтің сөзінше, инфляциялық қысым экономикадағы ақша көлемінің артуымен байланысты. "2016 жылы зейнетақы мен жәрдемақы 16 пайызға, мемлекеттік бюджеттен жалақыға жұмсалған шығын 18 пайызға артты. Ал 2016 жылы инфляция көлемі 8,5 пайызды құрады" деді Ақышев.
Ұлттық банк басшысының сөзіне қарағанда, азық-түлік емес тұтыну тауарларының қымбаттауына жалпы инфляцияның өсу қарқыны да әсер етеді. Ол азық-түлік емес тауар бағаларының өсуіне тұтыну несиелерінің көбеюі де себеп екенін жеткізді. Ақышев сонымен қатар тқтыну несиесі бойынша қарыз көлемі жыл басынан бері 11 пайызға (270 миллиард теңге немесе 780 миллион доллардан артық) артқанын айтты.
Данияр Ақышев бағаның көтерілуіне импортталатын тауар бағаларының өсуі де бір себеп екенін атады. Ол инфляцияға "халық пен кәсіпорындардың баға һседі деп күтуі" де әсер ететінін жеткізді.
Ұлттық банк жыл қорытындысы бойынша инфляцияның ресми көрсеткіші белгіленген 6-8 пайыз аралығында болады деп болжайды. 2018 жылы инфляция 5-7 пайызды құрайды деп болжанған.