Accessibility links

АҚШ Кубаның 15 дипломатын елден шығармақ


Вашингтондағы Куба елшілігі.
Вашингтондағы Куба елшілігі.

АҚШ билігі ресми Гавананы америкалық дипломаттарды қорғай алмады деп айыптап, 15 кубалық дипломатқа елден шығуын бұйырды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон 3 қазанда жасаған мәлімдемесінде мұндай шешім "Куба америкалық дипломаттарды қорғауда тиісті шаралар жасай алмағандықтан қабылданғанын" айтты. Ол сонымен қатар бұйрық "тиісті дипломатиялық операцияларда әділеттілік орнататынын" айтты.

Тиллерсон бұған қоса АҚШ-тың Гаванадағы елшілігіндегі дипломаттардың 60 пайызын әкету жөніндегі шешім Куба үкіметі "осы елдегі АҚШ дипломаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алғанға дейін" күшінде қалатынын білдірді.

Куба сыртқы істер министрі Бруно Родригес Вашингтонның бұл қадамын "себепсіз" деп атап, "екі жақты қарым-қатынастың қазіргі және бәлкім, болашақтағы шиеленісуіне АҚШ үкіметі жауапты екенін" мәлімдеді.

АҚШ-тың Кубадағы елшілігінде жұмыс істейтін 22 қызметкері бұған дейін жұмбақ жағдайда денсаулықтары нашарлай бастағанын, оның ішінде есту қабілетінен айырылып, басы ауырып, құлақтары шуылдайтынын және әлсіздік пайда болғанын айтып шағымданған. Куба бұған қатысы барын жоққа шығарған.

АҚШ пен Куба 50 жылдан астам уақыттан бері үзіліп қалған дипломатиялық байланысты 2015 жылы қалпына келтірген. Содан бері Кубаға сапарлайтын америкалықтар саны кәдімгідей артқан.

XS
SM
MD
LG