Accessibility links

Ұшақ апаты құрбандарының аты-жөні жарияланды


Апатқа ұшыраған Ан-28 ұшағы. Көрнекі сурет

Алматы облысында санитарлық авиация ұшағының апатынан қаза тапқан бес адамның төртеуінің аты-жөні жарияланды. Индустрия және даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, апатқа ұшыраған Ан-28 ұшағында қаза тапқандардың екеуі - ұшақ командирі, Қырғызстан азаматы Г.Н.Цой, екінші ұшқыш, Қазақстан азаматы Е.Кутафин.

Ал денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, құрбандар арасында медициналық көмек көрсетуге Шымкентке ұшып шыққан екі дәрігер бар. Олар - акушерлік ісі ғылыми орталығының акушер-гениколог дәрігері, профессор Талғат Патсаев және Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының реаниматолог дәрігері, профессор Жәнібек Артықбаев. Дәрігерлер Шымкентке ауыр жағдайда жатқан, жас босанған әйелге көмек көрсетуге ұшып шыққан.

Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің ақпаратына қарағанда, ұшақ 3 қазан күні кешкі сағат 18:35-те Алматыдан Шымкентке қарай 28 километр ұшып шыққан соң 12 минуттан кейін радарлардан жоғалып кеткен.

Бірер сағаттан соң ұшақ Алматы түбінде, Іле ауданында апатқа ұшырап, жанып жатқан күйі табылған. Ұшақ электр бағандарының сымдарын үзіп барып құлаған.

Ан-28 ұшағы East Wing әуе компаниясына тиесілі болған және Республикалық санитарлық авиация орталығымен жасасқан келісім бойынша ұшып шыққан.

XS
SM
MD
LG