Астана соты азаматтық белсенді, Ақолма облысының тұрғыны Арғынбек Мұратбековті митинг өткізуді ұйымдастыру тәртібін бұзды деп айыптап, 10 тәулік әкімшілік қамауға алды. Белсенді жалғыз кісілік пикетке шықпақ болған.
Сот материалы бойынша, Ақмола облысы Ильинка ауылының 43 жастағы тұрғыны Арғынбек Мұратбеков "жергілікті атқарушы органнан митинг өткізуге рұқсат алмастан" Facebook-те азаматтарды 1 қазанда Астанадағы "Бәйтерек" кешенінің алдында "жер заңнамасы және бағалардың өсуі мәселелеріне қатысты митингіге шығуға шақырған. Сот қаулысында белсендінің бұл күні митинг өткізу үшін бірнеше плакат дайындап, кешенге немесе басқа жерге бармақ болып шыққаны айтылады. Мұратбеков 11 қыркүйекте Facebook-те митингіге шығуға шақырғанымен, қолдау таппаған.
Сотта прокурор Әбдіханов судьядан белсендіні айыпты деп танып, 15 тәулікке қамауды сұраған. Белсенді сотта өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартып, азаматтық ұстанымын білдірмек болғанын айтқан. Белсенді мен оның адвокаты соттан істі тоқтатуды сұраған.
Сот отырысы 2 қазанға қараған түні Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында болып, сол күні сот қаулысы шығарылған.