Accessibility links

Дәрігер: Санитарлық авиацияны тағы да шақыртуды сөйлесіп жатырмыз


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ұшақ апатынан қаза тапқан дәрігерлерді Алматыдан Шымкентке өте ауыр халде жатқан, босанған әйелдің денсаулығына қатысты консультация беру үшін шақыртқан. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы сәрсенбіде Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Цой мәлімдеді.

"Әйел бізге 2 қазанда Түркістан қаласынан ауыр халде жеткізілді. Науқас қазір өте ауыр халде жатыр. Мұндай науқастар түскен кезде біз нақты мамандар көмегі көмек керек болғандықтан республикалық санитарлық авиацияны шақыртамыз. Бұл - қалыпты тәжірибе" деді Вячеслав Цой.

Оның сөзінше, 33 жастағы әйел 16 қыркүйекте босанған соң жағдайы нашарлаған. Цой қазір республикалық санитарлық авиациямен сөйлесіп жатқанын және тағы да ұшақ жіберу мәселесін солар шешетінін айтты.

3 қазан күні кешке Алматыдан Шымкентке ауыр жағдайда жатқан жас босанған әйелге көмек көрсетуге ұшып шыққан санитарлық авиацияның Ан-28 ұшағы апатқа ұшырап, борттағы бес адам түгел қаза тапқан. Ресми мәлімет бойынша, ұшақ Алматыдан 28 километр ұшып шыққан соң радардан жоғалып кеткен. Кейін ұшақ Алматы түбінде, Іле ауданында апатқа ұшырап, жанып жатқан күйі табылған. Ұшақ электр бағандарының сымдарын үзіп барып құлаған.

Апат құрбандарының үшеуі - экипаж мүшелері, екеуі - Акушерлік ісі ғылыми орталығының акушер-гениколог дәрігері, профессор Талғат Патсаев және Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының реаниматолог дәрігері, профессор Жәнібек Артықбаев.

2016 жылы қаңтарда да Алматы облысында науқас сәбиді Талдықорғанға жеткізуі тиіс болған "ASPAN" әуе компаниясының MD-600N маркалы тікұшағы құлап, бортында болған бес адам түгел қаза тапқан.

Оқыңыз: Санавиация ахуалын билік пен сарапшы түрліше бағалайды

XS
SM
MD
LG