Accessibility links

Бішкек: Ан-28 ұшағы апатында екі қырғыз азаматы қаза тапты


Апатқа ұшыраған Ан-28 ұшағы (Көрнекі сурет).
Апатқа ұшыраған Ан-28 ұшағы (Көрнекі сурет).

Алматы облысында апатқа ұшыраған ұшақта қаза тапқандар арасында Қырғызстанның екі азаматы бар болуы мүмкін деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айымкан Кулукееваның айтуынша, құрбандардың бірі 66, екіншісі 64 жаста.

СІМ мәліметінше, қазір қырғызстандықтардың кім екенін анықтау және денелерін еліне жеткізу мәселесі шешіліп жатыр.

3 қазан күні кешке Алматыдан Шымкентке ауыр жағдайда жатқан жас босанған әйелге көмек көрсетуге ұшып шыққан санитарлық авиацияның Ан-28 ұшағы апатқа ұшырап, борттағы бес адам түгел қаза тапқан. Ресми мәлімет бойынша, ұшақ Алматыдан 28 километр ұшып шыққан соң радардан жоғалып кеткен. Кейін ұшақ Алматы түбінде, Іле ауданында апатқа ұшырап, жанып жатқан күйі табылған. Ұшақ электр бағандарының сымдарын үзіп барып құлаған.

Апат құрбандарының үшеуі - экипаж мүшелері, екеуі - Акушерлік ісі ғылыми орталығының акушер-гениколог дәрігері, профессор Талғат Патсаев және Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының реаниматолог дәрігері, профессор Жәнібек Артықбаев.

Бұған дейін Қазақстан индустрия және даму министрлігі азаматтық авиация комитеті ұшақ апатында қаза тапқандардың екеуі - ұшақ командирі, Қырғызстан азаматы Г.Н.Цой, екінші ұшқыш, Қазақстан азаматы Е.Кутафин екенін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG