Accessibility links

Түрмеде отырған тәжік адвокаты Еров карцерге жабылды


Бузургмехр Еров, түрмеге жабылған тәжік адвокаты.
Бузургмехр Еров, түрмеге жабылған тәжік адвокаты.

Ұзақ жылға сотталған тәжік адвокаты Бузургмехр Еров "түрме режимін бұзды" деген себеппен тергеу изоляторының карцеріне ауыстырылған. Душанбе қаласының №1 түрме басшысы Садриддин Шарифзода адвокаттың онда 15 тәулік отыратынын хабарлады.

"Тергеу абақтысында отырған уақыттан бері ол тәртіпті бірнеше рет бұзды. Соңғы рет тағы да ескерту алғаннан кейін, ол карцерге қамалды" дейді түрме басшысы. Бірақ қандай тәртіпті бұзғанын нақты айтпады.

Алайда Бузургмехр Еровтың туыстары адвокатты БАҚ-қа өзін түрме қызметкерлерінің соққыға жыққанын жариялаған соң жазалап отыр дейді. Бузургмехрдің анасы ұлын түрмеде үнемі ұратынын хабарлаған.

Бірер күн бұрын Human Rights Vision Foundation халықаралық ұйымы Бузургмехр Еровтың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, биліктен оны босатуды талап еткен.

Бузургмехр Еров 2015 жылдың 28 қыркүйегінде ұсталып, "алаяқтық жасады", "жалған құжаттар әзірлеумен айналысты" деген айыптар тағылған. Душанбе соты былтыр 6 қазанда Еровты айыпты деп тауып, 23 жыллға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Биыл наурыз айында адвокаттың жазасына тағы да екі жыл қосылды. Бірнеше уақыт өткеннен кейін Еровты ел президентіне тіл тигізді деп айыптап, жазасына тағы үш жыл қосты. Бәрін қосқанда адвокатқа 28 жыл түрме жазасы кесілген.

XS
SM
MD
LG