Тергеу ісінің алдын ала қорытындысы бойынша өзбек журналисі Бобомурод Абдуллаевқа интернетке Усман Хакназаров деген бүркеншік атпен мақала жазу арқылы, қазіргі билікті тартып алмақ болды деген айып тағылды.
1 қазанда Ташкент аудандық соты журналисті он күнге қамау туралы шешім шығарған. Осы аралықта оған қылмыстық іс қозғалған.
Өзбекстан тәуелсіз құқық қорғаушылары бастамашыл тобының жетекшісі Сурат Икрамовтың Азаттықтың Өзбек редакциясына көрсеткен сот шешімінде Аблуллаевтың "Өзбекстан халықтық қозғалысы" ұйымының атынан қозғалыс жетекшісі Мұхаммед Салихтың нұсқауымен 2011 жылдан бері интернетке мақала жариялау арқылы Өзбекстанның конституциялық құрылымын құлатпақ болғаны" айтылған.
44 жастағы тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаев Ташкентте 27 қыркүйекте ұсталды. Бастапқыда ол "ұрлықпен айналысты" деген күдікке ілінген. Бірнеше күн өткеннен кейін, оған Конституциялық құрылымды құлатып, билікті күшпен тартып алмақ болды деген айып тағылды.
Қуғындағы өзбек оппозициялық саясаткері Мұхаммед Салих журналист Бобомурод Абдуллаевтың кәсіби қызметі үшін қудаланып отырғанын мәлімдеді.
Оппозициялық "Өзбекстан халық қозғалысының" жетекшісі Мұхаммед Салихосы аптада Стамбулда журналистерге Абдуллаевтың өз ұйымының веб-сайтына 14 жыл бойы Усмон Хакназаров деген бүркеншік есіммен мақала жазып келгенін айтқан. Хакназаровтың өзбек билігінің саясаты туралы сараптамалық мақалалары интернетте соңғы бірнеше жылда танымал болған. Хакназаровтың кім екені және қайда тұратыны осы кезге дейін белгісіз болып келген болатын.
Бобомурод Абдуллаев - Өзбекстандағы белгілі спорт журналисі. Ол Азаттықтың Өзбек редакциясы ұйымдастырған дөңгелек үстелдерге қатысқан, "Озод Овоз" (Азаттық дауысы") медиа жобасын құрған және Лондонның соғыс және бейбітшілікті баяндау институтының (IWPR) тілшісі болған.