Accessibility links

БҰҰ: Әлемде қақтығыстардан 8 мыңнан астам бала өліп, я жараланған


Пластик оқ-дәріге тыйым салуды талап етіп көшеге шыққан ауғандық балалар. Кундуз, Ауғанстан, маусым 2017 жыл (Көрнекі сурет).
Пластик оқ-дәріге тыйым салуды талап етіп көшеге шыққан ауғандық балалар. Кундуз, Ауғанстан, маусым 2017 жыл (Көрнекі сурет).

БҰҰ арнайы баяндама жасап, әлемде өткен жылы қарулы қақтығыстардан сегіз мыңнан астам бала қаза тапқанын немесе жараланғанын хабарлады. БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш бұны "қабылдауға болмайтын" көрсеткіш деп атады.

БҰҰ мәлімдеуінше, 5 қазанда Қауіпсіздік кеңесінде таныстырылған "Балалар және қарулы қақтығыстар" атты баяндамада қарулы қақтығыстарда қаза тапқан бейбіт тұрғындарды тіркеу басталған 2009 жылдан бері Ауғанстан балалар ең көп қаза тапқан ел атанған.

Баяндамада 2016 жылы Ауғанстанда 3512 бала қаза тауып, я жараланғаны және бұл көрсеткіштің 2015 жылғыдан 24 пайызға көп екені айтылады. Сирияда өткен жылы 1299 бала, Йеменде 1340 бала қаза тапқан немесе жараланған.

БҰҰ есебінде сонымен қатар жүздеген баланың жыныстық зорлыққа ұшырап, мектепте шабуыл құрбаны болғаны немесе әскери қимылдарға тартылғаны келтірілген.

Баяндамада балалар құқығының бұзылуына жауапты, Ауғанстан, Орталық Африка республикасы, Конго, Ирак, Мали, Мьянма, Сомали, Судан, Оңтүстік Судан, Сирия және Йеменде әрекет ететін ұйымдардың қара тізімі жасалған.

Тізімге бірінші рет Сауд Арабиясы бастаған, Йемен үкіметіне көтерілісшіл хуситтермен соғыста қолдау көрсететін коалиция енгізілген. БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун былтыр Эр-Риядтың қысымынан соң Сауд Арабиясын тізімнен шығарып тастаған болатын. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Гутерриштің коалицияны тізімге қайта қосып, "дұрыс істегенін" мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG