Accessibility links

СІМ: Ресейдегі автобус апатында бір қазақстандық қаза тапты


Владимир облысындағы пойыз соққан жолаушылар автобусы. Фото Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің Владимир облысы бойынша басқармасының сайтынан алынды.

Ресейде жолаушылар автобусның пойызбен соқтығысуынан қаза тапқандар арасында Қазақстанның бір азаматы бар деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов.

Оның Facebook-те жазуына қарағанда, Владимир облысында апатқа ұшыраған автобуста соңғы мәлімет бойынша, Өзбекстанның 55 азаматы және екі жүргізуші - Қазақстан азаматтары болған. Жүргізушінің бірі қаза тапқан, екіншісі Покров қаласындағы уақытша тұру пунктіне орналастырылған.

"Қазақстан дипломаттары Ресейде қаза тапқан және зардап шеккен қазақстандықтардың туыстарына көмек көрсетеді" деп жазды Жайнақов.

Бұған дейін Владимир облысында жолаушылар автобусының пойызбен соқтығысуынан 15 адам қаза тауып, бес адам жараланғаны хабарланған. Mercedes маркалы қазақстандық автобус Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген.

Владимир облыстық ішкі істер басқармасының ақпаратына қарағанда, қайғылы оқиға 6 қазан күні жергілікті уақыт бойынша 03 сағат 29 минутта болған. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус "Покров" станциясында теміржолдың жүруге тыйым салатын белгісін елемей, өткелге шығып кетіп, оны Санкт-Петербург - Нижний Новгород бағытында келе жатқан пойыз соққан.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG