Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (ММХҚИ) түлектерінің IV халықаралық форумы басталды. Форумның ашылуында осы институттың түлегі, Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров сөйледі.
Лавров Ресей президенті Владимир Путиннің форумға қатысушыларға арналған үндеуін оқып берді.
Түлектер кездесуіне Қазақстанның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазір Ұлыбританиядағы елші Ерлан Ыдырысов және қазақстандық бірнеше мемлекет қайраткері қатысты. Форумды Қазақстан парламенті сенатының спикері, ММХҚИ түлегі Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуге қатысушыларға арнаған сөзін оқып берді.
Сергей Лавров Қазақстанға Ресей мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толуына орай келіп отыр.
Лавров сапарында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен кездеседі. Келіссөзде жоғары деңгейде жасалған келісімдердің орындалуы, халықаралық және аймақтық мәселелер, оның ішінде "Сирия мен Ирактағы жағдайдың өзгере бастауына байланысты ынтымақтастықтың бағыты талқыланбақ.