Accessibility links

Каталония тәуелсіздігі жайлы референдумның түпкілікті нәтижесі шықты


Полицияның іс-әрекетіне наразылық шеруіне қатысушылар. Барселона, 3 қазан 2017 жыл.
Полицияның іс-әрекетіне наразылық шеруіне қатысушылар. Барселона, 3 қазан 2017 жыл.

Каталонияда 1 қазанда өткен тәуелсіздік туралы референдумның түпкілікті нәтижесі жарияланды. Испанияның орталық үкіметі ол референдумды заңсыз деп атаған.

Референдум қорытындысы бойынша, дауыс беруге қатысқан 2 миллион 286 мың 217 адамның 2 миллион 44 мың 38-і (90,18 пайыз) Испания құрамынан шығуды жақтап, 177 мың 547 адам (7,83 пайыз) - қарсы дауыс берген. Плебисцитке қатысқандардың 1,98 пайызы жәшікке таза бюллетень тастаған. Каталониядағы дауыс беру құқығына ие 5 миллион 300 мыңға тарта сайлаушылардың 43 пайызға жуығы дауыс беруге қатысты деп хабарлады автономдық аймақ билігі.

Каталонияның Испания құрамынан бөлініп шығуын құптамайтын тұрғындар негізінен бұл референдумге бойкот жариялап, дауыс беруге қатыспаған.

Жұма күні Швейцария Мадрид пен Барселона арасындағы келіссөздерге арағайын болуға әзір екенін білдірді. Оның алдында, 6 қазан күні Мадрид 1 қазанда Каталонияда мыңға жуық адам зардап шеккен қақтығыстар барысында полицияның артық күш қолданғаны үшін кешірім сұраған.

Даулы референдум өткен күні полиция сайлау учаскелерінің көбіне тосқауыл қойып, дауыс беруге арналған бюллетеньдер мен сайлау жәшіктерін тартып алған. Барселонада полицияның арнайы жасағы демонстранттарды тарату үшін резеңке оқпен атқан.

Испания конституциялық соты салған тыйымға қарамастан Каталония парламенті 9 қазанда тәуелсіздік жариялау туралы мәселені талқыламақ.

XS
SM
MD
LG